a
Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының "№ 10 Қалалық емхана " ШЖҚ МКК Ақсай 1,2,4 және Жетісу 1,2 және 3 шағын аудандарының 63000-нан астам тұрғынының денсаулығын қорғауда, Ардагерлер үйі
Cб-Жк: 09:00 - 16:00 | Фильтр 09:00-18:00
Алматы қ. бойынша Call-орталығы +7 (727) 3000-505 немесе 1414 8-708-480-32-70
Алматы қ. №10 ҚА Call-орталығы +7 (727) 339-56-93 +7 (727) 339-56-94 8-708-480-32-70
Біздің сайтқа қош келдіңіз
Алматы қ. бойынша Call-орталығы 1414 8-708-480-32-70, +7 (727) 338-45-99, +7 (727) 338-46-87, +7 (727) 338-45-05
Title Image

Жаңалықтар

ТАЛАЙ ЖАНДЫ АЯҚҚА ТҰРҒЫЗҒАН РИЗАГҮЛ

Бұл жалғанда адам баласынан асқан мықты жаратылыс иесі жоқ сияқты. Десе де, кейде ең осалы да осы адам ба дерсің. Тағдырдың тауқыметімен төсекке таңылып, талайдың күні кісіге қарап қалғаны — өмірдің ащы шындығы. Мұндай қиын сәтте адамға құрғақ сөз емес, нағыз кәсіби көмек пен үміт сыйлайтын жылы қол керек. Осы бір қасиетті миссияны иығына арқалап, науқастарды жаңа туған сәбидей өмірге қайта бейімдеп жүрген жан — №10 қалалық емхананың емдеу дене шынықтыру (ЕДШ) нұсқаушысы Ризагүл Қойшыманова.

Ризагүл — өз ісіне берік, артық сөзі жоқ, сабырлы жан. Ол өзін «мен» деп кеудесінен ұрып, жетістігін жарияға жар салып көрсетуге құмар емес. Тіпті, көп сөйлегенді де ұнатпайтын тұйық мінезінің артында үлкен парасаттылық пен мамандығына деген шексіз адалдық жатыр. Оның басты мақсаты — сөзбен емес, іспен дәлелдеу. Ал оның кәсібилігінің ең үлкен дәлелі — кеше ғана өз бетімен қадам баса алмай келген науқастың бүгін нық тұруы.
Білікті маман тағдыр тезіне ұшырап, денсаулығына ауыр зақым келген азаматтарға оңалту шараларын жүргізеді. Ризагүлдің әрбір қимылында, әрбір жаттығуында науқастың өмірге деген құлшынысын оятуға бағытталған қажырлы қайрат бар.

Ризагүлдің жұмыс стилі — нәтижеге негізделген. Ол өз тәжірибесінде адам бойындағы құлшыныстың қандай да бір ауыр диагнозды жеңіп шығуға қауқарлы екенін талай мәрте көрді.

— Мен үшін алдыма келген немесе өзім іздеп барған әр науқас — ерекше. Әрқайсысының өз тағдыры, өз мұңы бар. Бірақ адам бойында әрекет пен өмірге деген құлшыныс болса, ол қандай да бір қиын диагнозды жеңіп шығуға болатынына көзім жетіп келеді. Менің миссиям — көмектесу және оны барынша жақсы орындауға тырысамын, — дейді кейіпкеріміз.

№10 қалалық емханадағы бұл саладағы жұмыс тек медициналық нұсқаулықтармен шектелмейді. Маман әр науқастың ішкі жан дүниесін түсініп, оның ерекшелігіне қарай жеке жоспар бекітеді. Ризагүл уақытпен санаспайды. Күн сайынғы таңертеңгілік жаттығулар, қатаң қадағалауды қажет ететін массаж және қалпына келтіру емдері — мұның бәрі үлкен төзімділікті қажет етеді.
Әсіресе, қимыл-тірек аппараты бұзылған жандар үшін механотерапияның орны бөлек. Арнайы құрылғылардың көмегімен арбаға таңылған жандарды алдымен өз бетімен тұруға, содан кейін қайта жүруге машықтандыру — нағыз ерлікпен тең жұмыс. Осы 15 жылдық тәжірибесінің ішінде ол 300-ге жуық науқастың аяққа тұрып, өмірге қайта оралуына тікелей себепші болды.
Адал еңбек еленсе, жемісі ерте ме, кеш пе марапат болатыны айғақ. Ризагүл Қойшыманова еңбегі осының дәлел. Жақында өткен салтанатты жиында өз саласының нағыз хас шебердің, үнсіз, бірақ өте маңызды еңбегі лайықты бағаланды.

Білікті маман ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың Алғыс хатымен марапатталды. Мәртебелі марапатты қала әкімінің орынбасары табыстап, маманның денсаулық сақтау саласына қосқан өлшеусіз үлесін ерекше атап өтті.

Ризагүлдің қажырлы еңбегі тек жылдар тізбегі емес, жүздеген адамның жаңадан басталған өмірі мен олардың туыстарының шексіз алғысы. Ұжым арасында салмақты мінезімен, кәсіби біліктілігімен зор құрметке ие жанның әлі де талай адамның қатарға қосылуына себепкер болары хақ.

Емхана ұжымы Ризагүл Қойшыманованы лайықты марапатымен құттықтап, деніне саулық, еңбегіне береке тілейді!

Skip to content