Қазақстанда педиатриялық қызметті дамытуға бағытталған жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары педиатр мамандарының жетіспеушілігі ата-аналарды алаңдатқан өзекті мәселелердің бірі болғаны белгілі. Осыған байланысты өткен жылдан бастап елімізде педиатриялық көмекті күшейту бойынша нақты қадамдар қолға алынды.
Балалардың денсаулығын кешенді медициналық сүйемелдеуді қамтамасыз ету мақсатында емханалар базасында педиатриялық бөлімшелер мен Даму және ерте араласу орталықтары (ДЕАО) кезең-кезеңімен ашылуда. Осындай орталықты қалалық №10 емханада іске қосу жоспарланып отыр.
Педиатриялық бөлімшелерді құру келесі міндеттерді шешуге бағытталған:
• балалардың денсаулығын туған сәтінен бастап жүйелі бақылауды қамтамасыз ету;
• даму бұзылыстарын ерте кезеңде анықтауды күшейту;
• мультидисциплинарлық тәсілді енгізу;
• мамандандырылған көмекті халыққа, әсіресе отбасыларға қолжетімді ету.
Педиатриялық бөлімшелер құрамына:
• педиатр дәрігерлер кабинеттері;
• Даму және ерте араласу орталықтары (оның ішінде патронаж қызметі мен бала дамуы мамандары);
• тамақтану бойынша ресурстық орталық;
• аудиологиялық скрининг кабинеті;
• егу кабинеті;
• мектеп медицинасы кабинеті кіреді.
Баланың даму ерекшеліктері анықталған жағдайда, ол Даму және ерте араласу орталығына жолданады. Мұнда баламен мультидисциплинарлық команда жұмыс істейді: педиатр, патронаж мейіргері, реабилитолог, логопед, психолог және басқа да бейінді мамандар.
Жаңа модель медициналық көмекті кезең-кезеңімен ұйымдастыру қағидатына негізделген. Бұл жүйеде жалпы практика дәрігері алғашқы байланыс пен үйлестіруді қамтамасыз етеді, ал қажет болған жағдайда мамандандырылған педиатриялық көмек көрсетіледі.