Дұрыс тамақтану – баланың денсаулығы мен дамуының негізі
Бала – елдің ертеңі. Оның дені сау болып өсуі – әр ата-ананың басты міндеті. Осы маңызды миссияда ата-аналарды қолдау үшін елімізде педиатриялық қызметті дамыту және балалардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету бағытында жүйелі шаралар жүргізілуде. Соңғы жылдары педиатр мамандарының жетіспеушілігі ата-аналар үшін өзекті мәселе болғандықтан, өткен жылдан бастап балаларға кешенді медициналық көмекті күшейту бойынша нақты қадамдар жасалуда.
Балалардың денсаулығын кешенді бақылау үшін емханаларда педиатриялық бөлімшелер мен Даму және ерте араласу орталықтары (ДЕАО) кезең-кезеңімен ашылып келеді. Жақын арада осындай орталықтардың бірі №10 қалалық емханада іске қосылады.
Педиатриялық бөлімшелер балаларға туған сәтінен бастап тұрақты медициналық бақылау жүргізуге, даму ерекшеліктерін ерте кезеңде анықтауға, мамандандырылған көмекке қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бөлімшелерде дұрыс тамақтану дағдыларын қалыптастыруға арналған ресурстық орталық та жұмыс істейді. Мұнда ата-аналар балалардың күнделікті тамақтануын қалай ұйымдастыру, қажетті дәрумендер мен қоректік заттарды қалай таңдау керегін үйренеді.
Бүгін №10 емханада жас аналарға арналған шеберлік сағаты өтті. Дәрігер-педиатрлар қатысушыларға балаларға дұрыс тамақтануды бастау жолдарын, азық-түліктерді дұрыс таңдауды және олардың ағзаға әсерін практикалық кеңестер арқылы көрсетті.
Шеберлік сағаты пікір алмасу және тәжірибе бөлісу форматында ұйымдастырылды. Мұндай кездесулер аптасына тұрақты түрде өткізіліп, жас аналар мен отбасыларға балалардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауды үйретуге және дұрыс тамақтану дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
