Қош келдіңіз
Пазилов Сабит Бексеитұлы — жоғары санатты хирург-дәрігер, ангиохирург, медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, еңбек өтілі 25 жылдан астам.
Сабит Бексеитұлының кәсібі тек науқастарды емдеумен шектелмей, сонымен қатар ғылыми зерттеулер жүргізу және денсаулық сақтау саласын басқаруды қамтиды. Ол Алматы мемлекеттік медицина институтында жоғары медициналық білім алып, 1998 жылы үздік бітірген. Басқару ісінде де қосымша білім алған: С. Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да менеджмент бойынша бакалавр және Almaty Management University-де әкімшілік басқару магистратурасын (MBA) тәмамдаған.
Кәсіби жолын А. Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында клиникалық ординатурадан және аспирантурадан бастап, кейін ангиохирургия бөлімінде хирург және аға ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істеген. Медицина ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін қорғаған диссертациясының тақырыбы: «Тері гемангиомаларын ND:YAG-лазері арқылы хирургиялық емдеу».
Ол әр жылдары түрлі басқарушылық қызметтер атқарған: хирургия жөніндегі бас дәрігердің орынбасары, медициналық ұйымдардың бас дәрігері, облыстық медициналық орталық директоры, жедел медициналық жәрдем станциясының басшысы, медициналық директор, Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы, Алматы облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының директоры.
Қазіргі уақытта Сабит Бексеитұлы С. Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың №2 хирургиялық аурулар кафедрасының қауымдастырылған профессоры және 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Алматы қаласындағы «№10 қалалық емхана» ШЖҚ КМК директоры.
Сабит Бексеитұлы — Еуропа, Ресей, Қазақстан және Орталық Азия елдерінің жетекші ангио- және жүрек-қантамыр хирургтері қауымдастығының мүшесі. Германия, Нидерланд, Түркия, АҚШ, Жапония, Корея және ТМД елдерінде тәжірибе жинаған.
Оның есебінде 100-ден астам ғылыми мақалалар, әдістемелік ұсынымдар, патенттер мен 1 монография бар. Медициналық кадрларды тәрбиелеуге және заманауи диагностика мен емдеу әдістерін енгізуге ерекше көңіл бөледі.
Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін «Ерен еңбегі үшін», «Халық алғысы», «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Алтын дәрігер» және басқа да мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болған. 2016–2020 жылдары Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты болды.