Бүгін №10 қалалық емханада Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті. Ұлттық дәстүр мен жаңару идеясын ұштастырған мерекелік іс-шараға медицина қызметкерлері мен емхана ұжымы қатысты.
Мереке аясында емхана басшысы Сабит Пазилов ұжымды құттықтады.
- Наурыз – көктемнің бастауы, жаңару мен жақсылықтың белгісі. Бұл – тек бір күндік мереке емес, бүкіл жылға береке мен ырыс әкелетін ерекше кезең. Халық денсаулығы үшін қызмет етіп жүрген сіздердің еңбектеріңіз зор құрметке лайық. Әрқашан ел алғысына бөленіп, абырой биігінен көріне беріңіздер. Баршаңызды Наурыз мерекесімен құттықтаймын, – деді Сабит Пазилов.
Іс-шара концерттік және ойын-сауық бағдарламасымен жалғасын тапты. Қатысушылар арасында ұлттық ойындар ұйымдастырылып, түрлі сайыстар өткізілді. Мереке барысында қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылып, белсенді қызметкерлер естелік сыйлықтармен марапатталды.
Ұжымдық бірлік пен көтеріңкі көңіл-күйге ұласқан мерекелік кеш қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.