Күнделікті күйбең тіршілікте эмоционалдық күйзелісті басқару көп жағдайда оңай емес. Мамандардың айтуынша, стресс пен психоэмоционалдық жүктеменің артуы адамның жалпы денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Осыған орай, №10 қалалық емханада «Эмоционалдық күйзелісті басқару және оны жеңу жолдары» тақырыбында тренинг ұйымдастырылды. Іс-шараны емхананың психолог мамандары өткізді.
Тренинг барысында қатысушыларға күйзелістің пайда болу себептері, оның адам ағзасына әсері және стресс деңгейін төмендету тәсілдері туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар тыныс алу жаттығулары, өзін-өзі реттеу және жағымсыз эмоцияларды бақылау әдістері тәжірибелік түрде көрсетілді.
Мамандар мұндай іс-шаралардың мақсаты – психологиялық саулықты нығайту және азаматтарды күйзеліс жағдайында дұрыс әрекет етуге үйрету екенін атап өтті.